Методическая работа
«Способы привить учащимся чувство ответственности»
| Категория: Методическая работа | |
| Дата: 27.11.2025 | |
| Просмотры: 40 | Печать страницы |
Шопатова З.А.
Баяндама тақырыбы: «Тәрбиеленушілерге жауапкершілік сезімін дарытудың жолдары. Әділдік пен тәртіпке баулу – тұлғалық дамудың іргетасы»
Кіріспе:
Бүгінгі таңда қоғамда жеке тұлғаның жан-жақты дамуы мен әлеуметтік ортада өз орнын табуы – білім мен тәрбиенің басты мақсаттарының бірі. Бұл тұрғыда тәрбиенің басты бағыттарының бірі – балаларға жауапкершілік сезімін дарыту, оларды әділдікке, тәртіпке баулу болып табылады. Себебі адамгершілік қасиеттер мен жауапкершілік сезімі қалыптасқан тұлға – ел болашағының сенімді тірегі.
Негізгі бөлім:
1. Жауапкершілік – тұлғаның маңызды қасиеті
Жауапкершілік – адамның өз іс-әрекетіне есеп бере білуі, өзіне және өзгелерге деген сенімді қарым-қатынас қалыптастыруы. Бұл қасиет баланың тұлға ретінде дамуына, қоғамда өз орнын табуына ықпал етеді.
Жауапкершілік сезімін дарытудың жолдары:
- Тапсырма беру арқылы: балаларға топтық жұмыстарда нақты рөл беру, өз жұмысына өзі жауапты болуын үйрету.
- Үлгі көрсету: педагогтің әрекет етуі балаға үлгі болады.
- Қателікке сабырлы қарау: баланы қателескені үшін кінәламай, жауапкершілік алуды үйрету – тәрбиенің тиімді тәсілі.
- Сенім арту: балаға сенім білдіру арқылы оның өзін-өзі бағалауын және жауапкершілігін арттыру.
2. Әділдік пен тәртіп – тұлғалық дамудың тірегі
Әділдік – адамның ар-ожданымен үндес қасиет. Әділетті ортада өскен балада сенім, адамгершілік, қайырымдылық секілді қасиеттер қалыптасады.
Әділдік пен тәртіпке баулудың жолдары:
- Ортақ ережелерді қалыптастыру: топта баршаға бірдей тәртіп ережелерінің орындалуын қадағалау.
- Тең көзқарас ұстану: барлық балаға бірдей талап қою, ешкімді алаламау.
- Қақтығыстарды әділетті шешу: кез келген түсініспеушілік кезінде ашық диалог жүргізіп, екі жақтың пікірін тыңдау.
- Тәртіптілік дағдыларын дамыту: уақытты тиімді пайдалану, жауапкершілікпен қарау, өзін-өзі ұстау сияқты дағдыларды күнделікті өмірге енгізу.
Қорытынды:
Жауапкершілік, әділдік және тәртіп – кез келген тұлғаның өмірлік ұстанымдарының негізі. Бұл қасиеттерді бала бойына кіші жастан бастап дарытсақ, олар болашақта өзіне сенімді, елінің дамуына үлес қосатын азамат болып өседі. Сондықтан әр ұстаз өз тәрбиеленушілеріне тек білім ғана емес, өмірлік бағыт-бағдар беруді мақсат етуі керек.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы жолдауларының бірінде өзінің Мемлекет басшысы ретіндегі басты міндеті Әділетті Қазақстанды орнату екенін айта келіп: «Шын мәнінде, әділдік, ең алдымен, жұрттың бәріне бірдей құқық беру және жауапкершілікті баршаға тең жүктеу деген сөз. Әділдік пен жауапкершілік – тығыз байланысты ұғымдар. Басқаша айтсақ, жауапкершілік болмаса, әділдік те болмайды. Әркім өз ісіне, міндетіне жауапкершілікпен қараса, жеке азамат та, бүкіл ел де табысқа жетеді. Әділдіктің қуаты – осында» деп тұжырымды ой айтты.
Біздің елімізде отаншылдық жайлы әңгіме көп айтылады. Бірақ, көптеген азаматтарымыз өз құқығын талап етуде белсенді болғанымен, өзінің Отан алдындағы борышын орындауда, мемлекеттің, қоғамның, жұмыс берушісінің, тіпті, өз отбасының алдындағы міндеттерін орындауға келгенде салғырттық танытып жатады. Яғни, бізде әділеттілікті талап ету жағы бар да, жауапкершілікті мойынға алып, көтеру жағы кемшін. Бұл жағдай өзгермейінше, біздің елімізде әділетті қоғамның орнауы екіталай. Олай болса, әрбіріміз өз құқықтарымызды қорғаумен қатар, азаматтық жауапкершілігімізді де терең сезінуіміз керек.
Әдістемелік семинарда «Әділдік және жауапкершілік» тақырыбында жағдаяттар (ситуациялар) шешу — қатысушылардың кәсіби-этикалық ойлауын дамытуға, шешім қабылдау дағдыларын жетілдіруге жақсы тәсіл.
Жағдаят 1.
«Әріптестер арасындағы жауапкершілік»
Педагогтер ұжымы бірлесіп іс-шара өткізбек. Бір әріптес өзіне жүктелген бөлімді орындамайды, ал қалғандары оның орнын жауып, шараны сәтті өткізіп, барлығы бірдей марапатталады.
Сұрақтар:
- Бұл ұжымда әділдік пен жауапкершілік сақталды ма?
- Әріптестер не істеуі керек еді?
- Мұндай жағдай қайталанбауы үшін қандай шешім қабылдау қажет?
Жағдаят 2. «Әділ шешім қабылдау»
Балалар арасында дау туды: топта түпкілікті тазалық жасауда біреуі жеңіл шаңдарды ғана сүртіп, жауапты жұмыстан үнемі қашқалақтап жүреді. Тәрбиеші шындықты біледі, бірақ үнсіз қалады.
Сұрақтар:
- Бұл жағдайда тәрбиешінің үнсіз қалуы дұрыс па?
- Әділдік пен ұжымдағы тыныштық арасында қалай тепе-теңдік табуға болады?
ҰСЫНЫС:
- 1. Әділдік пен жауапкершілікке негізделген қарым-қатынас мәдениетін дамыту, Балалар Кеңесінің рөлін күшейту.
- 2. Тәрбие процесінің нәтижелілігін бағалау үшін балалар арасында әділдік пен жауапкершілікке байланысты сауалнама алу және эссе байқауларын ұйымдастыру.