Среда, 18 Ноября 2026
Объявления: #

Получаете ли Вы государственные услуги посредством портала Электронного Правительства?

Да
Нет


Результаты
Другие опросы

Всего проголосовало: 9

 Методическая работа

«Пути формирования ценностей в повседневной работе воспитателя»

Категория: Методическая работа
Дата: 21.01.2026
Просмотры: 40 Печать страницы

«Тәрбие кеңістігіндегі сабақтастық: интернаттық мекемелерде ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды күнделікті режимдік сәттер арқылы қалыптастыру тәжірибесі» тақырыбындағы облыстық семинар.

Баяндамашы – Джунусова Кымбат Кайратовна

«Тәрбиешінің күнделікті жұмысында құндылықтарды қалыптастыру жолдары»

Кіріспе

2024 жылғы 15 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет Президенті «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын қоғамның негізгі құндылықтары ретінде атап өтті. Бұл сөз еліміздегі тәрбие жүйесін жаңаша мазмұнда ұйымдастыру қажеттігін көрсетеді.

Осы құндылықтар негізінде әзірленген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бүгінгі таңда білім беру ұйымдарында, соның ішінде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерде де кеңінен жүзеге асырылуда. 2024–2025 оқу жылында тәрбие жұмысы аталмыш бағдарламаның негізгі ережелеріне сәйкес ұйымдастырылып, бүгінгі күні де сәтті іске асуда.

Құндылықтар баланың бойына тек арнайы тәрбие сағаттарында ғана емес, сонымен қатар күн тәртібіндегі қарапайым, бірақ жүйелі әрекеттер арқылы қалыптасады. Тәрбиеші әрбір күнделікті жағдайды тәрбиелік мақсатқа бағыттайды.

Негізгі бөлім

1. Тәрбиешінің негізгі міндеттері

Тәрбиеші үшін ең басты міндет – күн тәртібіндегі әрбір әрекетті саналы түрде тәрбие құралына айналдыру. Балалар ең алдымен тәрбиешінің іс-әрекетін қайталайды. Сол себепті тәрбиеші:

  • өз әрекетінде тәртіп сақтауы;
  • сөйлегенде мәдениетті тіл қолдануы;
  • ортақ затқа ұқыпты қарауы;
  • әділ шешім қабылдауы қажет.

Осы іс-әрекеттердің нәтижесінде балада тәртіп, жауапкершілік, әділдік және сыйластық сияқты құндылықтар қалыптасады.

2. Күн тәртібін құндылықпен байланыстыру

Құндылықтарды күнделікті іс-әрекеттер арқылы меңгерту тиімді:

  • Бөлме жинау → жауапкершілік
  • Уақытында тұру → тәртіп
  • Кезек күту → әділдік
  • Бірге ойнау → ынтымақ

Мысалы: «Біз бөлмені жинаймыз, себебі бұл – ортақ үйімізге деген құрмет» деген тұжырым арқылы балаларға ортақ мүлікке деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруға болады.

3. Қайталау арқылы мінезге айналдыру

Құндылық бір рет айтумен емес, күн сайын қайталанған әрекет арқылы бекітіледі. Мұнда тәрбиеші:

  • бір талапты күнде тұрақты сақтау;
  • ережені өзгеріссіз қолдану;
  • бір сөздік формуланы жиі қолдану.

Мысалы: «Әркім өз заттарына жауап береді» – күн сайын айтылып, күн сайын іс жүзінде орындалады.

4. Жауапкершілік жүктеу

Баланың әр әрекетінің салдары бар екенін сезіндіру маңызды:

  • қателікті өзі жөндейді;
  • таңдау жасауға мүмкіндік беріледі.

Мысалы, ойыншық сындырылған жағдайда бала оны өз күшімен ретке келтіруге тырысады.

5. Сұрақ қою арқылы ойландыру

Дайын жауап бермей, баланы өз шешімін табуға жетелеу – сыни ойлау қабілетін дамытуға бағытталған әдіс. Тәрбиеші баламен келесі сұрақтар арқылы жұмыс жасайды:

  • «Сен қалай ойлайсың?»
  • «Сенің ойыңды білгім келеді»
  • «Басқаларға қалай әсер етеді?»
  • «Әділ шешім қандай болар еді?»

Бұл әдіс арқылы баланың әділдік, саналы таңдау және жауапкершілік сияқты құндылықтары қалыптасады.

6. Ойын және өмірлік жағдаят арқылы құндылық қалыптастыру

Ойын мен өмірлік жағдаяттарды қолдану бала бойына құндылықтарды сіңірудің тиімді әдісі болып табылады. Ойын барысында бала ұлттық дәстүрді меңгеріп, бірлік пен ынтымақ, өзара сыйластық құндылықтарын түсінеді.

Мысалы, тоғызқұмалақ ұлттық ойынын топпен ойнату арқылы балалар:

  • бірлікке және ынтымаққа үйренеді;
  • шыдамдылық пен өзара көмекке тәрбиеленеді;
  • қарсыласын құрметтеуді, ережені сақтауды және ортақ нәтижеге жауапкершілікпен қарауды үйренеді.

7. Рефлексия арқылы бекіту

Күн соңында баланың өз ісіне баға беруіне жағдай жасау маңызды:

  • қысқа әңгіме;
  • «Бүгін не дұрыс болды?» талдауы;
  • өз жетістігін айту.

Осы арқылы құндылық сыртқы талаптан ішкі сенімге айналады.

8. Апта күндері бойынша құндылықтарды қалыптастыру

  • Дүйсенбі – «Менің Қазақстаным»
    Тәуелсіздік пен отаншылдық құндылықтарын қалыптастыру. Бала орталықты «ортақ үйіміз» ретінде таныстырып, күн барысында бөлме тазалығы мен тәртіп сақтауды «өз елімнің тәртібі» ұғымымен байланыстырады. Бұл әрекеттер үлгі көрсету, түсіндірмелі-тәжірибелік және қайталау әдістері арқылы жүзеге асады.
  • Сейсенбі – «Апта дәйексөздері»
    Айлық құндылыққа сай дәйексөз таңдалып, күн тәртібіндегі барлық іс-әрекеттермен сабақтастырылады. Мысалы, «Адал еңбек – ардың ісі» дәйексөзі арқылы бала әділ шешім қабылдауға, әрекетіне жауапкершілікпен қарауға үйретіледі.
  • Сәрсенбі – «Қауіпсіздік сабағы»
    Заң мен тәртіп құндылықтарын қалыптастыру. Жағдаяттық талдау мен талап қою әдістері арқылы бала жол қозғалысы ережелерін сақтауға, қауіпсіздік дағдыларын меңгеруге және заңды орындауды ішкі қажеттілікке айналдыруға үйренеді.
  • Бейсенбі – «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы»
    Ұлттық және топтық ойындар арқылы балалар бірлік, ынтымақ және ұжымдық жауапкершілік құндылықтарын меңгереді. Жеңген және жеңілген балаға бірдей құрмет көрсетіледі, ұжымдық іс-әрекет және ойын арқылы балалар арасындағы қарым-қатынас жақсарып, агрессияның алдын алады.
  • Жұма – «Өнегелі 15 минут»
    Адамгершілік пен әділдік құндылықтарын қалыптастыру. Сенімді әңгіме барысында өмірлік жағдаяттар талқыланып, бала өз ойын еркін жеткізуге мүмкіндік алады. Жеке тұлғамен жұмыс және моральдық таңдау әдісі баланың ішкі жан дүниесін дамытады, тәрбиешіге деген сенімді арттырады.
  • Сенбі – «Күй күмбірі»
    Жасампаздық пен жаңашылдық құндылығын музыкалық шығармашылыққа, өз идеяларын білдіруге және тәжірибе жасауға мүмкіндік беру арқылы қалыптастырамыз. Күй тыңдау, әсерімен бөлісу және қысқаша түсіндіру жұмыстары баланың рухани әлемін байытып, ұлттық мәдениетке қызығушылығын арттырады.
  • Жексенбі – «Үнемді тұтыну»
    Еңбекқорлық пен жауапкершілік құндылықтарын дамыту. Затты күтіп ұстау, суды және жарықты үнемдеу, жеке затқа жауап беру дағдылары арқылы бала дербес өмірге дайындалады және еңбек пен ресурстың құнын түсінеді.

 

Қорытынды

Орталықтағы тәрбие жұмысы тәрбиешінің күн тәртібін дұрыс ұйымдастыруына, әрбір әрекетті құндылықпен байланыстыруына және бірізді әдістерді қолдануына тікелей тәуелді. Осындай жүйелі жұмыс нәтижесінде тәрбие табиғи, тұрақты әрі тиімді сипат алады. Бұл – «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының балалар орталығы жағдайында нақты жүзеге асуының айқын көрінісі.

 

 

Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2026. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.